25 Қыркүйек 2025
37

АИТВ - инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу туралы бірлескен мәжіліс өтті

2025 жылдың 24 - ші қыркүйек күні Қызылорда қалалық орталық емханасының мәжіліс залында Қызылорда облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының ұйымдастыруымен бірлескен мәжіліс өтті. Мәжіліске облыс бойынша бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдары мен ауруханалардың ана мен бала денсаулығына жауапты орынбасарлары, БМСК ұйымдарында есепке алынған жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін АИТВ - инфекциясына тексеру жұмыстарына жауапты мамандар, облыстық перинаталды орталығының, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының медициналық қызметкерлері қатысты.

Бірлескен мәжілістің басты мақсаты - облыс көлемінде АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу мен жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін АИТВ инфекциясына тексеру жұмыстарын жандандыру.

Мәжіліс барысында, облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі С.Балыкбаева республикадағы, облысымыздағы АИТВ инфекциясы бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай, оның ішінде жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестері және 0 - 14 жас балалар арасында тіркелуі туралы ақпараттандырды.

Орталықтың емдік - көмек бөлімінің дәрігер - инфекционисті А.Балмаханова, жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерінің АИТВ инфекциясына уақтылы тексеруден өтудің маңыздылығын атап өтті. «Серіктестер бірге тексеруден өткен жағдайда, инфекцияларды ерте анықтап, уақтылы емдеуді бастауға мүмкіндік туады. Бұл - әсіресе жүктілік кезінде, баланың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды қадам болып табылады». 

Бірлескен мәжіліс барысында, қатысушылар арасында АИТВ - инфекциясының ана мен балаға берілудің алдын - алудағы өзекті мәселелері талқыланып, өзара пікір алмасты.

Мәжіліс қорытындысымен шешім шығарылып, облыс көлеміндегі барлық емдеу ұйымдарына жолданды.