15 Тамыз 2025
10

Жаңартылған жаңа ғимарат, жаңа мүмкіндік

Қазіргі таңда облысымызда медицина саласы алға басуда. Себебі, медицина саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Соның бірі, 2025 жылдың басында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан Шиелі аудандық «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының ғимаратында орналасқан, облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының Шиелі аудандық филиалына күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны атап өтуге болады. Бүгінгі таңда, филиалда заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, көз қуантарлық өзгерістер орын алды. Осыған орай АИТВ орталығының бас дәрігері Л.Ахмет іс сапар барысында Шиелі аудандық филиалының мамандарымен кездесіп, жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысып, әр маманға тапсырмалар мен жұмыстарына бағыт-бағдар беріді. Кездесу кезінде филиалдың өзекті әрі маңызды мәселелері талқыланды. Жалпы филиалда 10-нан аса қызметкер жұмыс атқарады. Филиал зертханасы заманауи автоматтандырылған BIO-RAD 680 аппаратымен жұмыс жүргізуде. Зертхана арқылы күніне 200-ден астам анализге сараптама жасалынып, нәтижесі зертханалық ақпараттық жүйе (LIS) бағдарламасына енгізіледі. LIS бағдарламасы зертхананың барлық құрылғылары мен автоматтандырылған жұмыс станцияларын біріктіріп, қателіктерді болдырмауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйенің көмегімен пациенттердің АИТВ нәтижелерін алу уақыты 3 күннен 1 күнге дейін қысқарды. Зерттеу тұтынушылары – емханалар, ауруханалар мен жеке клиникалар – зерттеу нәтижелерін онлайн түрде ала алатын мүмкіндіктерге қол жеткізді.

Сонымен қатар филиал мамандары АИТВ/ЖИТС мәселесіне байланысты аудан көлемінде медициналық қызметкерлерді кәсіби жұқтырудың алдын алу мақсатында семинар сабақтар ұйымдастырады, АИТВ жұқтырғандарға диспансерлік бақылау жасап, қадағалайды. Жастар мен жасөспірімдер арасында АИТВ-ның алдын алу мақсатында түрлі іс шаралар, дөңгелек үстел, брифинг, кездесулер жүргізіледі. Сонымен қатар тұрғындар арасында осы инфекцияның таралмауына ықпал жасап, ақпараттық танымдық материалдыр таратып, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бас дәрігер алдағы уақытта жұмыстың жоғары сапада орындалуын баса назарға ұстап, ұжымдастарға сәттілік тіледі.