02 Желтоқсан 2024
28

«Адам құқықтары жолын дұрыс таңдаңыз» ұранымен ЖИТС - ке қарсы күрес күні аясында акция ұйымдастырылды

Дүниежүзілік ЖИТС - ке қарсы күрес кампаниясы аясында 2024 жылдың 27 қарашасында АИТВ инфекциясының алдын алу облыстық орталығы, Қызылорда медициналық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен кең көлемде акция өткізілді. Акцияға Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығы, Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығы, емдеу алдын алу мекемелері және колледж студенттері қатысты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1988 жылы 1 - желтоқсанда бірінші рет Бүкіләлемдік ЖИТС - ке қарсы күрес күні аталып өтілген. Ал, 1999 жылдан бастап бұл күн Бүкіләлемдік ЖИТС - ке қарсы күрес кампаниясы болып жарияланып, әр жылдың соңғы тоқсанында АИТВ/ЖИТС - ның алдын алуға байланысты науқан жарияланып, алдын алу іс-шаралары өткізіледі. Биыл ЮНЭЙДС - тің баяндамасы бойынша Бүкіләлемдік ЖИТС - ке қарсы күрес кампаниясы «Адам құқықтары жолын дұрыс таңдаңыз» ұранымен жарияланып отыр.
Бұл Кампания халықтың, оның ішінде жастардың, мінез-құлқы қатерлі топ өкілдерінің АИТВ инфекциясы жөніндегі ақпараттану деңгейін арттыру, халықты, әсіресе жастар мен жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтандыру, салауатты өмір салтына бағыттау, АИТВ - мен өмір сүруші адамдар мен олардың жанұясына әлеуметтік қолдау көрсету стратегиясын күшейту, АИТВ жұқтырғандарға байланысты кемсіту, алалау, таңба басу сияқты келеңсіз әрекеттерге, гендерлік зорлық - зомбылыққа жол бермеу сияқты мақсатты көздейді.