1981 жылы СПИД ауруының алғашқы оқиғасы АҚШ-та гомосексуалистер
арасында тіркелген болатын. Ол кезде Үкімет тарапынан бұл ауруға көңіл бөлінбеді, гомосексулистер ауырса ауыра берсін деген қате пікірлер туындады. Осылай Үкімет пен ғалымдар арасында түсініспеушілік туындап жатқанда аталмыш жұқпа елден елге, материктен материкке тарап кетті. Бұл аурудың нәсіл, жер, ұлт, шекара, жас талғамайтыны белгілі болды. 1982 жылы алғашқы рет СПИД деген термин пайда болды. 1983-84 жж. аурудың қоздырғышы анықталды, 1986 жылдан бастап ол ВИЧ деп атала бастады.
Біздің облысымызда СПИД-тің ең алғашқы оқиғасы 1990 жылы Шиелі ауданының 24 жасар тұрғынында анықталса, екінші оқиғасы 1993 жылы 61 жастағы оның анасынан анықталды. Жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары 24 жастағы жігіттің Ресей мемлекетінен жұқтырып келгенін және гомосексуалдық жыныстық қатынас арқылы жұқтырғанын анықтады. Сол кездегі жұмыс жасаған дәрігерлер анасы баласына медициналық күтім жасау кезінде қолындағы жарақат арқылы жұқтырған деген шешімге келген. Бірақ, олардың екеуі де анасы 1993 жылы, баласы 1995 жылы СПИД ауруынан қайтыс болды.
Қызылорда облысында АИТВ/ЖИТС (ВИЧ/СПИД) оқиғасы анықталған сәттен бері 236 адам тіркелген. Жұғу жолдары бойынша 236 адамның 34-і (14,4%) инъекциялық есірткі тұтынушылар, 179-ы (75,8%) жыныстық қатынас арқылы және 3-і (1,2%) анасының жатырында жұқтырған, 14-і гомосексуалдық жыныстық қатынас арқылы (5,9%) 5-ң (2,1%) жұғу жолы белгісіз. 236 адамның 148-і (62,7%) ерлер, 88-і (37,2%) әйелдер. 2022 жылдың 6 айында 24 адамнан АИТВ инфекциясы анықталып отыр (2021 жылы -19 адам).
АИТВ инфекциясы 3 түрлі жолмен жұғады.
Біріншіден, қорғалмаған кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсу кезінде. Екіншіден, қан арқылы, яғни есірткі тұтынушылар есірткіні тамыры арқылы медициналық құралдарды ортақ қолданғанда. Үшіншіден, анадан балаға жатыр арқылы, босануы кезінде немесе ана сүті арқылы жұғады. Бұл инфекция тұрмыстық жағдайда жұқпайды. Сондықтан, кейбір тұрғындардың мен ондай адаммен бір үйде тұрсам, бірге жұмыс істесем, бір оқу орнында оқысам жұқтырам дегені бос сөз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымына сәйкес ВИЧ/СПИД-тің алдын алу шаралары 4 бағытта жүргізіледі:
Бірінші бағыт – жыныстық қатынас арқылы таралудың алдын алу. Ең алдымен кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болу керек, мүшеқап қолдануды тұрақты дағдыға айналдыру қажет.
Екінші бағыт – қан арқылы таралудың алдын алу. Бұл жерде ең басты жұмыстардың бірі-инъекциялық есірткі тұтынушылар арасында шприц алмастыру жұмыстары немесе мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері (инъекциялық есірткі тұтынушылар, жыныстық қатынас қызметкерлері, ерлермен жыныстық қатынас жасайтын ерлер) арасында «Зияндылықты сейілту» бағдарламасын пәрменді жүзеге асыру болып табылады. Ол үшін осы топтар арасында СПИД орталығында 2 стационарлық және 1 жылжымалы сенім пункттері жұмыс жасайды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты - есірткі тұтынушы тұлғаларға шаприцтер, мүшеқаптар тарата отырып қалай болғанда да олардың арасына ВИЧ инфекциясын енгізбеу, енген күнде де оны одан әрі таратпау болып есептеледі. Сонымен қатар, донорлық қан қауіпсіздігін және медициналық мекемелерде асептика, антисептика ережелерін қатаң сақтау арқылы қан арқылы таралудың алдына тосқауыл қоюға болады.
Үшінші бағыт – анадан балаға берілудің алдын алу. Екіқабат әйелдерді екі реттен ВИЧке тексеруден өткізу, ВИЧ жұқтырған екіқабат әйелдерді дер кезінде диспансерлік есепке алып профилактикалық ем жүргізу, баланы іштен жарып алу, туылған балаға профилактикалық ем жүргізу сияқты шаралар жүргізілуі керек.
Төртінші бағыт – ВИЧ жұқтырғандарға білікті медициналық көмек, әлеуметтік қолдау көрсету. Ең бастысы – ВИЧ жұқтырғандарды алалауға, оларға «таңба басуға» болмайды.
Молдабекова А.Ж - Шиелі филиалының дәрігер инфекционисті.