Қазақстан республикасында АИТВ (ВИЧ) инфекциясының індеттік ахуалы жылдан жылға күрделене түсіп, өсу үрдісімен алғанда 2021 жылдың 1 қарашасына 42849 АИТВ-жұқтырғандар тіркелді. Аталмыш инфекциядан біздің облысымыз да шет қалған жоқ. АИТВ-ның алғашқы оқиғасы тіркелген сәттен бері облыста 207 адамнан АИТВ жұқпасы анықталды. Оның 3-уі 14 жасқа дейінгі бала болса, 3-уі арнайы оқу орнының студенттері. АИТВ жұқпасы соңғы жылдары ауылдық жерлерде көптеп тіркелуде.
Жастар мен жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтандыру, салауатты өмір салтына бағыттау, ЖИТС-тың алдын алу шараларын олардың арасында пәрменді жүргізу мақсатында 15-25 қараша аралығы «АИТВ: Әрбірін түсіну» тақырыбымен Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес науқаны аясында онкүндік жарияланды.
ЖИТС-ке қарсы күрес науқаның өткізудің басты мақсаты :
-осы проблемаға қоғам назарын аудару. - Қоғамда АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдарды алалау, кемсіту, бөлу секілді қөзқарастарды болдырмау.
-АИТВ/ЖИТС жайында түсініктерін кеңейту үшін мәліметтер беру. - АИТВ/ЖИТС жұқтырғандарға медициналық, психоәлеуметтік, моральдық көмектің көрсетілуіне ықпал жасау. -АИТВ/ЖИТС проблемасына халықаралық, отандық, үкіметтік емес ұйымдарды тартып, бірігіп жұмыс жасау.
ЖИТС-ке қарсы күрес кампаниясы әр жылда әр тақырыппен аталып өтіп жүр «Бәріміз СПИД ке қарсы тұрайық», « Тыңдаңдар, үйреніңдер, өмір сүріңдер», «Маған бәрібір емес, саған ше ?», «Дені сау болу құқылы!». Биылғы ұран «АИТВ: әрбірін түсіну».
ҚЫЗЫЛ ЛЕНТА туралы
1991 жылы сәуір айында АИТВ/ЖИТС проблемасына қоғамның назарын аудару максатында СПИД-ке карсы қозғалыстың мүшесі ,суретші Франк Мур «Қызыл лентаны» алғаш рет ойлап шығарды. Сол кезден бастап «Қызыл лента» АИТВ/ЖИТС-пен күрес және осы проблеманы түсіну қажеттігін көтерген адамдардың дауысын біріктірген үміт символы бола бастады. Бұл күндері «Қызыл лента»:
- АИТВ/ЖИТС-пен өмір сүретін адамдарды алалауға, оларға таңба басуға қарсылық белгісі;
- Оларға сыйластық пен дұрыс көзқарасты қалыптастырудың белгісі;
- Жақын уақытта АИТВ/ЖИТС-тың емі табылады деген үміттің белгісі;
- АИТВ/ЖИТС ауруынан қайтыс болғандарды есте сақтау белгісі;
- Дүниежүзінде АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдардың ынтымастық символы болып табылады
Сондықтан,казіргі заманда әр адам өз денсаулығы үшін, өсіп келе жатқан ұрпағы үшін ойлануы керек. Сіздің тәртібіңіз - Сіздің денсаулығыңыз !
А.Оразбаева, Сырдария ауданындағы ПӘК кабинетінің дәрігері