АИТВ/ЖИТС - жан қасіреті
Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) ағзадағы қорғаныш жүйесін зақымдайды. Оны жұқтырған адамдардың көпшілігі бірнеше жылға дейін өзінің ауырғанын сезбей, сау адамша жүруі мүмкін. Ауру жұқтырған адам тиісті емін алмаса, уақыт өте келе оның бойындағы бұл дерт асқынып, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына ұласуы мүмкін. Бұл кезде ағзадағы қорғаныш қабілетінің төмендейтіні соншалық, қарапайым тұмаудың өзі адамды өлімге әкеліп соқтырады.
ЖИТС дегеніміз не? ЖИТС (СПИД) – жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы. Қорғаныш жүйесі әлсіреген кезде адам кез-келген ауруды, әсіресе жұқпалы ауруларды (құрт ауруы – туберкулез, өкпе қабынуы) қабылдағыш болады.
АИТВ қалай жұғады? Қанға АИТВ қажетті мөлшерде түскенде жұғуы мүмкін. Құрамында АИТВ-ның жұғатын мөлшері бар организм сұйықтықтары, олар: қан, шәуіт, қынап сұйықтығы, ана сүті. Сілекей, тер, несеп құрамында қоздырғыш жұқтыратын мөлшерде болмайды. АИТВ зақымдалмаған тері арқылы немесе ауа арқылы тұмау қоздырғышы сияқты берілмейді.
АИТВ жұқпасының бірнеше жұғу жолдары бар:
- Сақтанбай мүшеқапсыз (презервативсіз) жыныстық қатынасқа түсу кезінде;
- Лас инъекция құралын бірлесіп (кезектесіп) қолдану арқылы және/немесе есірткі дайындау құралдарын бірге пайдаланғанда;
- Стерильденбеген дене әшекейлеу (татуировка) және сырға салу (пирсинг) құралдарын бірлесіп (кезектесіп) қолдану арқылы;
- Егер бөтен адамның қырыну құралдары мен тіс щеткасын қолданса;
- Жүктілік, босану және емізу кезінде анадан балаға жұғу қаупі жоғары болады;
АИТВ-ны жұқтыру мүмкін емес:
Қол алысу, құшақтасу, достық сүйісу, түшкіру мен жөтелу кезінде, бір ас ыдысын, орамал-төсек құралдарын пайдаланғанда, бір душ пен дәретхананы қолданғанда, бірігіп спортпен шұғылданғанда, бір бөлмеде АИТВ-ны жұқтырған адамдармен тұрғанда және жәндіктер шаққанда жұқпайды.
АИТВ инфекциясы туралы білмей, басқа адамдарға жұқтыруға болады.
Қазіргі таңда АИТВ инфекциясының вирусын жоятын ешқандай дәрі жоқ, бірақ ЖИТС-тың дамуын баяулататын дәрі-дәрмектер бар. Жұғудың алдын- алатын вакцина да жоқ.
АИТВ ауруын жұқтырған немесе жұқтырмағанын білу үшін әуелі қанды арнайы лабораторияда тексеруден өткізу қажет. Ауру жұқтырған адамдардың қанында АИТВ-ға қарсы денелердің (антидене) табылғаны білінеді. Антиденелер — бұл қанға вирус түскеннен кейін жауап ретінде пайда болатын белоктар.Ауруды дер кезінде анықтап, тиісінше ем қолданатын болса, ағзадағы дерттің асқынуын тежеуге, сол арқылы адамның қалған өмірін сапалы да, саналы өткізуге мол мүмкіндік бар. Ол үшін мекен-жайы бойынша емханаға немесе облыстық ЖИТС орталығына келіп дәрігер кеңесін алуға, ақысыз және құпиялық сақталу негізінде АИТВ тестісін өтуге болады. Салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар үшін бұл аурудан сақтануға толық мүмкіндік бар.
Әйтседе АИТВ/ЖИТС-тың алын алу мақсатында қаншама бағдарламалар қабылданып, іс-шаралар өткізіліп жатса да нәтижесіз, себебі инфекцияның алдын алатын вакцина әлі табылған жоқ. Сондықтан инфекцияның алдын алу әр адамның өз қолында. «Ел боламын десең бесігіңді түзе»-деп М.Әуезов айтып кеткендей аты жаман індеттен жастарымызды, болашағымызды қорғауға бар мүмкіндікті жасауға асығайық. Еліміздегі халықтың кез-келген тобының мүшесі СПИД-тің алдын алу шаралары жөнінде барынша хабардар болып, қауым болып жұмылған абзал. Осыған орай біз барлықтарыңызды осы жолда бірлесіп, белсенді қызмет жасауға шақырамыз. СПИД-ке қарсы күреске жеке өз үлесіңізді қосу үшін сізге белгілі бір ресми ұйымның мүшесі болу міндетті емес. Бұл ауру туралы үнемі хабардар болып, аурудың болдырмау жолдарын сауатты түрде басқа да адамдарға жеткізе білудің өзі жеткілікті.
АИТВ инфекциясының қасіреті туралы қаншама айтылып жүрсе де, азаймағаны рас. Сондықтан, бұл дертпен жалғыз күреспей, бірлікте жұмыла күрессек, алынбас қамал жоқ. АИТВ инфекциясы ол жолдың шеті, өмірдің соңы емес. Байқаусызда от басып жұқтырып алған күнде де дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындап, толыққанды айыға алмасада өмірін ұзартып, қалған өмірін тек жақсылықтарға құруға болады. «Тұңғиыққа қарай берсең, бір күні ол саған қарайды» дейді халық даналығы. Сондықтан, өткенді ойлап өзіңді мүжігенше, келешек ұрпақ сенің қателігіңді қайталамайтындай із бен ой тастау керек.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Ашық аспанымызға қара бұлт төндірген заман кеселінен арылу, арылту – көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматтың борышы. Ол үшін жеке бас және қоғамдық тазалықты сақтап, спортпен айналысып, зиянды әдеттерден аулақ болуымыз керек.