18 Маусым 2021
1075

Біз ардагерлерімізбен мақтанамыз!!!

Медицина қызметкерлері мерекесі қарсаңында

Біз ардагерлерімізбен мақтанамыз!!!

 

Қарымсақова Дина Смағұлқызы 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының санитарлық-гигиеналық факультетін бітіргеннен кейін 1983-1994 жылдар аралығында Тереңөзек ауданындағы санитарлық-эпидемиологиялық станциясында алдымен бір жыл дәрігер-бактериолог, 1984-1994 жылдар аралығында бас дәрігер болып қызмет атқарды. 1994-2001 жылдар аралығында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімінде дәрігер-эпидемиолог, 2001-2017 жылдар аралығында ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес  жөніндегі облыстық орталығының эпидемиологиялық  қадағалау бөлімінің меңгерушісі, 2017 жылдан бастап дәрігер-эпидемиолог қызметін атқарады.

Қандай жұмыста болмасын  өзін жауапкершілігі мол, жаңалыққа жаны құмар, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары,  еңбексүйгіш білікті маман ретінде көрсетіп келеді.

Қарымсақова Дина Смағұлқызының тікелей  ұйымдастыруымен облыста халықтың осал топ өкілдері, инъекциялық есірткі тұтынушылар, жыныстық қатынас қызметкерлері, ерлер мен жыныстық қатынас жасайтын ерлер арасында «Зияндылықты сейілту» бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Табанды еңбек етуінің арқасында инъекциялық есірткі тұтынушылардың профилактикалық бағдарламамен қамтылуын 21 пайыздан 53, жыныстық қатынас қызметкерлерінің профилактикалық бағдарламамен қамтылуын 60 пайыздан 100 пайызға жеткізуге мүмкіндік жасалды.

Облыста АИТВ-ның алдын алу мәселелеріне байланысты жастар, бизнес өкілдері,  абақтыға қамалғандар мен сотталғандар, жалпы халық арасында жастар және басқа қоғамдық ұйымдармен бірлесе  және бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалана отырып,  тұрғындар арасында АИТВ жұқпасының алдын алу шараларын пәрменді түрде насихаттап келеді. Соңғы 2 жылдың өзінде облыстағы жабық арнайы мекемелерде 100-ге жуық семинар, тренингтік сабақтар өткізіліп, жеке құрамнан 3000, арнайы контингенттен 3500 адам АИТВ-дан сақтану шараларына байланысты оқумен қамтылды.

Жүргізілген оқыту бағдарламаларының сапасын және тұрғындардың АИТВ/ЖИТС  жөніндегі  ақпараттану деңгейін анықтау мақсатында тұрғындар және мақсатты топтар арасында жыл сайын  әлеуметтік зерттеулер жүргізуде. Соның нәтижесінде соңғы 5 жылда  мұғалімдердің АИТВ/ЖИТС мәселесіне байланысты   ақпараттану деңгейі 65 пайыздан 95,  мектеп, колледж оқушыларының, жоғарғы оқу орны студенттерінің білім деңгейі  56 пайыздан 85 пайызға дейін, жалпы тұрғындардың білім деңгейінің 52 пайыздан 72 пайызға дейін артқаны байқалды.                                              

АИТВ/ЖИТС инфекциясының алдын алу шараларына байланысты емдеу-профилактикалық мекемелерге әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетіп,  дәрігерлер мен орта буынды медициналық мамандар арасында семинар сабақтар өткізеді. АИТВ-инфекциясының әрбір анықталған жағдайына эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізеді. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес кампаниясы кезінде атқарылатын іс шараларды ұйымдастыруға және өткізуге белсене араласады.

Жастар мен жасөспірімдер, медицина қызметкерлері  арасында АИТВ жұқпасының алдын алу шараларын сапалы жүргізу мақсатында оқу орындары ұстаздарына  және  медицина қызметкерлеріне арналған  арнайы әдістемелік құралдар әзірлеп, қолданысқа енгізді.

АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу мақсатында жылына 4 рет акушерлік-гинекологиялық қызмет саласындағы мамандар арасында семинар сабақтар өткізіп отырады.  2019 жылы облыстағы барлық акушер-гинекологтардың, акушерлердің, жалпы тәжірибелік дәрігерлер  мен мейіргерлердің  АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу мәселесі бойынша білім деңгейін анықтау масқсатында аттестациядан өткізді.

Облыста облыс әкімдігі және  мәслихат  тарапынан қабылданған АИТВ індетіне қарсы іс-әркет жөніндегі бағдарламалардың, шешімдердің  әзірленуіне, оның орындалуына өзінің қомақты үлесін қосты. Облыстық мәслихат шешімімен  АИТВ жұқпасының алдын алу шараларын елді мекендерде пәрменді жүргізу мақсатында ЖИТС орталығының  құрылымдық бөлімдері болып есептелетін Қазалы және Шиелі аудандарында филиалдар, Арал, Қармақшы,  Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандарында психо-әлеуметтік кеңес беру кабинеттері ашылып, облыс халқы үшін игілікті істер атқаруда.   

Сонымен бірге жемісті еңбек нәтижесі – Облыста АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты болуы, АИТВ-ға тестілеуден өтетін халық санының жылдан жылға артуы,  мақсатты тестілеу санының  көбеюі, профилактикалық бағдарламаға тартылған  халықтың осал топ  өкілдері санының өсуі.