АИТВ жұқпасына жол жоқ!
АИТВ жұқпасы ең алғаш рет Африка елінде анықталып, қазіргі таңда әлемге таралып, қаншама адамның өміріне балта шауып отырған кесел. Бұл кесел жас, ұлт, нәсіл таңдамайды. Өміріңде бір рет аяғыңды шалыс басып жұқтырып алсаң өмір бойы бұл кеселден құтыла алмайсың. АИТВ-адамның иммундық тапшылық вирусы қан арқылы, жыныстық қатынас арқылы және анадан балаға босану арқылы жұғатын инфекция. Біздің елімізде жыныстық жолмен берілу бірінші орында тұр. Бір өкініштісі бұл індеттің жүкті әйелдер арасында тіркеліп, балалардың осы кеселге шалдығуы. Жыл сайын елімізде ЖИТС ауруынан құрбан болғандарды еске алу және 1 желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай әр түрлі форматта алдын алу шаралары жүргізіледі. Осыған қарамастан АИТВ-ға шалдығушылар саны көбеймесе азаяр емес. Біздің облыстың өзінде бір жылда осы індетке 18-19 адам шалдығып АИТВ инфекциясының құрығына ілінуде. Бұл індетпен қоғам болып, әлем болып күрессекте АИТВ-ға шалдығушылар саны артуда.
АИТВ-ға шалдыққан адамды түр келбетінен ажырату мүмкін емес, себебі бұл індет адам ағзасында ұзақ уақыт жүретіндіктен бірден клиникалық белгілер байқалмайды. АИТВ инфекциясына шалдыққан адамды тестілеу арқылы , яғни қанынан антиденелерді анықтау арқылы анықтайды. АИТВ-ға шалдыққан адам өмір бойына вирусқа қарсы препараттар қабылдап, өмірін ұзартады. Бұл кеселдің емі және оған қарсы вакцина жоқ .
АИТВ жұқпасын төмендету жолдары:
- Бір ғана жыныстық серіктестің болуы. Басқа адаммен жыныстық қатынасқа түскенде мүше қап қолдану. Мүшеқаптар 85 пайыз жыныстық жолмен берілетін жұқпадан қорғайды.
- АИТВ және ЖЖБИ тестілеу қызметтері. Қандай-да бір қауіп факторларына ұшыраған адамдар АИТВ және ЖЖБИ тестілеуден өту керек, тестілеу арқылы өз жағдайларын біліп, кешіктірмей алдын алу шараларын өткізу мен ем қабылау керектігін білетін болады..
- Инъекция қолданатын нашақорлар үшін зияндықты азайту. Инъекция қолданатын нашақорлар АИТВ жұқпасын болдырмау үшін залалсыздандырылған инъекциялық жабдықты, инелерді және шприцтерді қолдану арқылы сақтық шараларын ұстануларына болады.
АИТВ инфекциясына шалдықпаудың ең тиімді жолдары зиянды әдеттерден, ішімдіктен, нашақорлықтан, қорғалмаған жыныстық қатынастан аулақ болу керек. Сол кезде еліміздің қажетіне жарайтын, дені сау ұрпақ қалыптасады.
Жалағаш аудандық ПӘК дәрігері Бекниязова.А.К