Біз неліктен АИТВ және ЖИТС жайында айтуымыз керек?
Дүние жүзі ЖИТС жайында алғаш рет білгеніне 35 жылдан астам уақыт өтті. Жылдар өткен сайын індет барлық жерде таралып, оның зардаптары ойлағандағыдан әлдеқайда ауыр болды. Әлемде АИТВ жұқпасымен әр минут сайын 10 адам тіркеледі. Ертең осы ортаға сен де, сенің бауырың да, әпкең, досың, сүйікті адамың да түсуі мүмкін ғой. Сондықтан әркім өзін өзгелерді АИТВ жұқпасынан сақтай білуі керек.
АИТВ- дегеніміз не? АИТВ-адамның иммунитет тапшылығының вирусы-ағзаны әртүрлі жұқпалардан қорғайтын қорғаныш жүйесін зақымдайды. АИТВ қорғаныс жүйесінің белгілі жасушаларын зақымдайды (Т-хелперлер).
ЖИТС- дегеніміз не? ЖИТС-жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы –АИТВ-мен байланысты туындайтын сырқат. ЖИТС –АИТВ жұқпасының соңғы сатысы. Бүгінгі таңға дейін АИТВ және ЖИТС-тан толықтай айықтыратын дәрі-дәрмек табылмай отыр. Қоздырғыш адам ағзасында өмір бойына қалады. Өкінішке орай, кез-келген адам АИТВ жұқпасын жұқтырып алуы мүмкін, алайда жұқтыруға әкеп соғу жолдары туралы шынайы ақпаратқа сүйеніп, тәуекелден бас тартсаң, АИТВ және ЖИТС-тың таралуының алдын алуға болады.
АИТВ төмендегі жолдармен жұғады:
1.Қан арқылы. АИТВ-мен зақымданған донордың қанын құйғанда немесе мүшелері мен ұлпаларын салғанда. Қан тамырына есірткілерді енгізген кезде ине мен шприцтерді бірге қолданғанда. Татуировка мен пирсинг жасаған кезде зарарсыздандырылмаған құралдарды пайдаланғанда.
2.Жыныстық қатынас арқылы. Қорғансыз (мүшеқапсыз) жыныстық қатынас кезінде.
3.АИТВ жұқтырған анадан балаға берілуі. АИТВ жұқтырған анадан баласына жүктілік кезінде, босанғанда және емізу кезінде.
Адамның АИТВ жұқтырғанын қалай білуге болады? Адамның АИТВ-мен зақымданғандығын сыртқы келбетінен біле алмаймыз. АИТВ жұқпасын қанды зертханалық зерттеуге тапсыру арқылы ғана анықтауға болады. Ағзада қоздырғыштың бар екендігі қоздырғыштың табылғанынан емес, оған қарсы ендірілген антидене пайда болғанда анықталады. Көпшілік жағдайда АИТВ жұқтырылған соң 3 айдан кейін анықталады. Бұл кезең «терезе кезеңі» деп аталады, өйткені тест жүйесімен анықтау ағзаға антиденелердің керекті мөлшерде өндіру 3 айға дейінгі мерзімді қажет етеді.
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы
күрес жөніндегі облыстық орталықтың
Шиелі ауданындағы филиалының инфекционист дәрігері А. Молдабекова