23 Тамыз 2019
2068

АИТВ жұғудан қалай сақтанамыз?

АИТВ жұқпасы немесе ЖИТС синдромы туралы талай айтылып, жазылып жүр.

 

Соған қарамастан осы сырқатқа шалдыққандардың қатары көбейе түскен. Не себепті? Мамандардың пікірінше, мұндай ақпаратқа көпшілік: «маған қатысы жоқ» деген көзқараспен қарайды екен. Осындай немқұрайлылық аурудың таралуына бірден-бір себеп болып отыр. «Біз әлі күнге «АИТВ жұқпасы есірткіқұмарлар мен жезөкшелерде ғана болады» деген жаңсақ ойдан арыла алмай келеміз. Статистикаға көз жүгіртсек, керісінше, осы топтағы адамдарда АИТВ жұқпасы көп таралмаған. Өйткені, есірткіқұмарлар, жезөкшелер дерттен сақтанудың жолын жақсы меңгерген. Ал, басқалар қарапайым сақтанудың жолын да есіне ала бермейді. Сондықтан әр адам өзін, жақын адамдарын ғасыр індетінен қорғағысы келсе, АИТВ туралы біле жүргені артық болмайды. Сонымен дерттен сақтанудың жолы қандай? Бірінші, өзіңізге жете таныс емес, кездейсоқ біреумен жыныстық қатынас жасаудан аулақ болыңыз. Біреудің қолданған шприцін, қырынуға арналған заттарын қолданбаңыз. Татуировка, персинг, маникюр, педикюр жасатқан кезде инелердің залалсыздандырылуына айрықша мән беріңіз.
      

Тіс емдетуге барған кезде де құрал-саймандардың тазалығын қадағалауды ұмытпаңыз.


АИТВ жұқпасы: жәндіктер шаққанда, қол алысып құшақтасқанда, монша, ванна, бассейн, дәретхананы бірге қолданғанда, төсек-орын, ыдыс-аяқ сынды тұрмыстық заттарды бірге пайдаланғанда және түшкіріп жөтелгенде жұқпайды.


Осы аурудан сақтанып, ақыл-кеңес алғысы келген адамдарға  «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының» дәрігерлері қол ұшын беруге әрдайым әзір. Бұл орталықта Достық кабинеті, Сенім бекеті, Психо-әлеуметтік кеңес беру және жасырын тестілеу кабинеті мен заманауи құрылғылармен жабдықталған зертхана жұмыс істейді. Мұнда әрбір адам ерікті; міндетті немесе жасырын түрде АИТВ жұқпасын анықтауға қан тапсырып өз статусын анықтауға жағдай жасалған.         
      

Қорыта айтқанда, әдепті өмір сүріп, отбасы бірлігі берік болса, арақ шарап ішіп, наша тартудан, кездейсоқ жыныстық қатынасудан аулақ болса, әрбір адам өзін-өзі ЖИТС-тен қорғай алады.


 ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы
күрес жөніндегі облыстық  орталықтың
Шиелі ауданындағы филиалының лаборанты  Д. Алимова