Әр жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде, Халықаралық ЖИТС (жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы) ауруынан қайтыс болғандарды еске алу күні өткізіледі. Бұл күн алғаш рет 1983 жылы Сан-Франциско қаласында аталып өтілген болса, қазіргі таңда әлемнің 115 елінде, 1200 жуық қоғамдық ұйымдардың атсалысуымен өткізілетін кең көлемді шаралардың бірі болып табылады.
Биылғы жылы Халықаралық ЖИТС ауруынан қайтыс болғандарды еске алу күні 31-шы рет өткізілмекші. Бұл күнді өткізудің мақсаты АИТВ-мен (адамның иммунитет тапшылығының вирусы) өмір сүруші адамдарға моральдік, рухани және психологиялық қолдау көрсету, АИТВ/ЖИТС проблемасының бар екенін қоғамның барлық құрылымдарының есіне салу, біздің әрқайсымыз АИТВ жұқтырған адамдар үшін не істей алатанымызды ойлану. Сонымен қатар АИТВ жұқтырғандардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. «Кемсіту нөл» ұраны арқылы АИТВ жұқтырғандар мен ЖИТС ауруына шалдыққандарға алалау, кемсіту, «таңба басу» сияқты көзқарасты азайту болып табылады.
ЮНЭЙДС-тің (БҰҰ-ның ЖИТС індетіне қарсы біріккен бағдарламасы) ақпаратына сүйенсек жер шарында 35 млн астам АИТВ жұқтырғандар өмір сүреді, оның 20млн ЖИТС індетінен қайтыс болған. АИТВ жұқтырғандардың көбісі 30жасқа дейінгі жастар.
Қазіргі таңда әр түрлі үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып АИТВ/ЖИТС-тың алдын алуға бағытталған көптеген іс-шаралар өткізіледі. Олардың мақсаты жалпы халықты оның ішінде жастар мен жасөспірімдерді АИТВ инфекциясынан сақтандыру және олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау.