09 Қараша 2023
114

«Біз өмірді таңдаймыз!»

АИТВ  инфекциясы  тек халық денсаулығына ғана емес, экономикалық әл-ахуалға да  кері әсерін тигізері сөзсіз. Себебі, АИТВ/ЖИТС мәселесі қоғамның барлық саласына өз әсерін тигізуде.  Қазiргi таңда елiмiздiң үштен бiр бөлiгiн құрап отырған жастар мен жасөспiрiмдер бiздiң ертеңгi жарқын болашағымыздың мұрагерлерi. Ендеше жаңа өмiрдiң куәгерлерi жаңаша ойлай бiлуi шарт. Ол үшiн бiз әрбiр жастың бойына ар мен ұят, адамның рухани байлығы, отан мен ата-ана, жанұя алдындағы борыш деген сияқты  iзгiлiк қасиеттердi  қалыптастыра бiлуiмiз қажет.  Бiздiң егемендi елiмiз өзiнiң қазба байлықтары мен ғана емес, адамгершiлiк құндылығы жоғары, саналы ұрпақтың сапалы тәрбиесiмен де даралана бiлуi тиiс. Қазiргi кезең талабы да сол  бiлiм мен салауатты өмiр сүрудi күнделiктi өмiрiмiзге енгiзудi қажет етедi. Әйтседе, бүгiнгi таңдағы адамның, соның iшiндегi жастардың рухани құлдырауы салдарынан неше түрлi жұқпалы аурулар мен нашақорлықтың, СПИД жұқтырғандардың саны күн санап дендеп келе жатқаны жасырын емес. Соның iшiнде АИТВ инфекциясының  iндеттiк ахуалы жылдан жылға күрделене түсуде.

Инфекцияның алдын алу  мақсатында  қомақты қаржылар жұмсалып жатқанымен әзірге  нақты нәтижеге қол жете қойған жоқ. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін алдын ала егетін вакцина немесе  дертті толық жазатын, яғни ағзаны вирустан толық тазарттатын дәрі дәрмек табылмауының өзі аурудың алдын жұмыстарының қаншалықты маңызды екендігін білдіреді.

Осыған орай, АИТВ-ның алдын алу шараларын кеңінен насихатттау мақсатында жыл сайын 20 қараша-1желтоқсан аралығы Көшбасшылық қоғамдастықтарға тақырыбымен Дүниежүзілік  ЖИТС-ке қарсы  күрес күні жарияланады. Алғаш рет бұл іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1988 жылы бірінші рет 1-желтоқсан Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы  күрес күні ретінде аталып  өтілді. Сол жылдан бастап мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, сонымен  қатар әр түрлі серіктестіктердің атсалысуымен Дүниежүзінің барлық елдерінде АИТВ/ЖИТС-ке қарсы әр-түрлі іс-шаралар өткізілетін болды.

Осындай іс-шаралардың бірі «Біз өмірді таңдаймыз!» тақырыбымен Болашақ университетінің колледжінде  болды. Іс-шара барысында орталық мамандары АИТВ-ның жұғу жолдары мен сақтану шаралары жайлы, сонымен қатар әр адамның денсаулығының жақсы болуы көп жағдайда өзіне байланысты болатындығын, кез-келген тұлға өмірінің егесі, ешкім де ол үшін өмір сүрмейтіндігін, сондықтан әркімнің өмірі өзінің таңдауы екені туралы айтып, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, облыстық наркология орталығының маманы есірткінің, темекінің зияны туралы айтып өтті. Оқушылардың күшімен дайындалған «Есірткісіз жастық шақ» атты көріністе қатысушыларды бей-жай қалдырмады. Сонымен бірге, оқушылар өлең оқып, флешмоб ұйымдастырды. Кездесу соңында жасөспірімдерге арналған АИТВ/ЖИТС жөніндегі үнпарақтар мен буклеттер таратылды.

Смағұлова Нұргүл - Қызылорда облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың педагогы